28.08.2022
  250


Автор: Есләм Зікібаев

ҚЫСҚА ҒҰМЫР

Келген адам өмірден көше беріп,
Бірте-бірте кетеді кешеге еніп,
Бір жақсысы – аттары асылдардың
Жаңғырады қала боп, көше болып...
Алтын арай тірліктің құшқаны нұр,
Қонған бақ та, дəулет те ұшпалы бұл.
Қас қаққандай əр сəті қайталанбай
Зымыраумен өтеді қысқа ғұмыр.
Аурухана – сартөсек, сары уайым,
Бір қарасаң, керегің бəрі дайын,
Жарты жылдай көрінер жарым айың,
Жаныңды қанша жамап-жасқағанмен,
Қайта айналып келмейді сəуір айың.
Ауырған жан оп-оңай өле алмайды,
Өзін өзі алдайды, көп алдайды.
Ауру бірдей, ем бірдей көрінгенмен,
Амал не, бəрі бірдей оңалмайды.
Біреу оқыс от, сумен ойнауменен,
Біреу елдің ертеңін ойлауменен
Өткізеді өмірін, тас құрсауын...
Босатып бір серпілтпей қойды-ау денем.
Ақын жатыр бұл жерде, əкім жатыр...
Тағы бір маскүнемге жақын жатыр...
Енді біреу азаптан құтыла алмай,
Бүгін өліп кетуге мақұл жатыр.
Кетпесе алып ертеңнің елесін оқ,
Мына өмірге біреудің бересі көп,
Жүре тұрсақ дейсің-ақ балаларға
Қарақшыдай қарауыл-демесін боп.
Арман бəрі, əйтеуір арман бəрі...
Тататұғын бітпесе алдан дəмі,
Сол арманға жетем деп əне-міне...
Қанша тағдыр қамданып, алданбады.
Ұстатпайтын алдамшы құс па құрғыр,
айнала ұшып періште, мыстаны... жүр
Сағымдай көз алдымда дөңгеленіп,
Зымырап барады өтіп қысқа ғұмыр





Пікір жазу