28.08.2022
  103


Автор: Есләм Зікібаев

ШЫНДЫҚТЫҢ АЙТЫЛМАСА ҚҰНЫ ҚАНША

Ақын қандай, құдай-ау, ақын қандай,
былайғы елге дағара атың дардай,
тіл ұшына келгенді тістеп тұрып,
көкірегің күрмеліп аһ ұрғандай,
орып түссе де айтуға хақың бардай.
Ақын қандай, білмейсің ақынды, Алла-ай,
сөйлейсің көк теңізді сапырғандай,
бір шоқып, төңірегіңе екі қарап,
сауысқан боп кеткенсің ақын болмай,
тілімді алсаң қайтер еді хақымды алмай.
Ақын қандай, ақынға жақын қандай,
Қойса тəуба аударып атыңды алмай,
Абай болып тусаң да айбарың жоқ,
амал ізде жанына жақындардай,
бүгін сенен күйкентай əкім зордай.
Аспаныңда тұрғанмен Ай, Күн əлі,
көңілің мың құбылар айнымалы,
сəл сыбыстан жүрегің шайлығады,
сен түгіл, кеше жүрген «күн көсемдер»
бүгежектеп сөйлеуге қаймығады.
Бақ та, мансап, байлық та құрығанша,
сауап қой мұны екінің бірі ұға алса,
шындық деп шымшықтай шырылдайсың,
елеп жатқан ешкім жоқ мұны да онша,
айттың не, айтпадың не, құр жаңғырақ,
жан тыңдамас ШЫНДЫҚТЫҢ құны қанша?..





Пікір жазу