28.08.2022
  89


Автор: Есләм Зікібаев

КЕШ ҰҒАСЫҢ

Уақыттың сескентпейді сесі кімді,
ағаңның алпыстарда-ақ есі кірді,
бір жүріп дос пен қастың айырмасын,
маңдайын тасқа соғып кеш ұғынды.
Ғаламат, бір көрмеге шын-ақ бəрі,
арайлап көкжиектен шуақ таңы,
құбылып қас қағымда кете берер
арманның қол жеткізбес мұраттары.
Дүние жалған, қыр-сырын ұғар қайсың,
жел үрлесе шайқалып құлардайсың
кешегі жүрген жолың – ұлан асу,
тырбанып төбесіне шыға алмайсың.
Аздай ма елде қағылып, соғылғаның,
тірліктің түсінбейсің көп ырғағын,
көре-көре қиналып соның бəрін
ұғардайсың болғанын сорың қалың.
Солай-солай... тірліктің сесі басым,
өзіңде жоқ, кім сенен не сұрасын?..
Малынған, шалынған көп күндеріңді
мəреден өтіп кетіп, кеш ұғасың.





Пікір жазу