Шашылып келем, басылып келем жылма-жыл...
Шашылып келем, басылып келем жылма-жыл,
Тасынып денем, қосылмай қойды жынға жыр.
Діттеген жерден шығады дейсің кім қазір,
Оңа алмай жүрмін, бола алмай жүрмін күнде əзір.
Бұлыңғыр тартып көрінбей қойды Күн де айқын,
Əндерім əрсіз, күйлерім нəрсіз тыңдайтын.
Арынды шақтар серпіліп сағы сынбайтын
Бəрі де-бəрі жуасып кеткен секілді
Жырым да қазір – қарттықтың жыры жырлайтын.
Асау қан ыршып ойнамай қойды денемде
Тулақ тұлпардай ілбіген көшке ерем бе.
Атылған айға арыстан-көңіл басылып,
Сенбейтін болдым өзімді Еслəм дегенге.
Арыны шөгіп, жалыны сөніп басылған,
Қызылын гүлден, қызуын Күннен жасырған,
Көктемнің нəрі, өткеннің бəрі елестей...
Қоламта сынды суынып түскен жасыннан.
Қайнаған ғасыр, айналам жасыл жаңарған,
Айдай əлем де қайтадан туып жасарған,
Армандай əсем бұлбұл боп ұшқан жанардан,
Ақ айдың үсті аққулар əсем таранған.
Сұлулық қандай, сұқтана қарап қимайсың,
Өзіңді өзің қамшылап тағы қинайсың.
Көңілді не бір күй кернеп кеткен кездерде
Тасыған судай арнаңа қайтып сыймайсың.
Сол көңіл қайта қалады сəтте басылып,
Ақша бұлт сынды Күн көзін қойған жасырып.
Төбеден төмен түскендей тепең қағасың
Аптыққан жандай қарттыққа қарай асығып.