АДАСЫП ЖҮРГЕН ЖАЙЫМДЫ-АЙ
Бұлақ көзіндей ашылып мөлдір жыр-тұма,
Өндіріп жаздым, көндіріп жаздым ырқыма.
Айтсам-ау деген ойымды көпке жеткізіп,
Өрімдей əсем өлең ғып өрдім жұртыма.
Шарладым оймен қырларын қиян-қиырдың,
Пернесін басып құбылған көңіл күйімнің.
Жат ойлар келсе тебініп-тарпып күйіндім,
Жақсы ойлар келсе сəбидей шалқып сүйіндім.
Басы асау ойлар илікпей кейде ырқыма,
Шырмалап алды шайтандай қырты, шырты да.
Тірлікте мынау жасадым миллион-мың күнə,
Соны айтып қалай арыла алармын жұртыма,
Айта алмай қалса, ақынға ол да бір күнə!
Кездерім талай біреуді сынап-сыбаған,
Сезбедім қалай, сезбей қала ма, сірə, адам.
Періште көңіл, пері боп кейде көріндім
Бəрінен таза жүре алмайды екенсің дін аман.
Фəни жалғанда ертегі-жырдай аңыз көп,
Ыстығын күннің бөлмедім шілде, тамыз деп.
Күнəм болса егер көбіне білмей жасадым,
Құран баспадым қарыным ашып нан іздеп.
Ақ пен қараның арасын ашып-айырмай,
Қожыратып біттім ойлардың бетін қайырмай.
Арыла алмай шайтан-күнəдан бəрі бір,
Шатасып бір дем, адасып жүрген жайымды-ай!..