28.08.2022
  96


Автор: Есләм Зікібаев

ҚОС ПЫРАҚ

«Таңды» оқып ем,
шұғылалы таң атқандай,
Бар шуағын дүниеге таратқандай.
Айдай жүзін Мұхаңның нұр аймалап,
Сезімді селт еткізіп қаратқандай.
Сəуле шашып күллі əлем жанданды ма,
Жанданды ма, тірлікке қамданды ма?
Ғаламат құдыретке таң қалды ма,
Мұхаңның түпсіз терең жанарынан
сыр оқыдым шежіредей «Таңнан» мына.
Көңілім кір шалмаған парақтардай,
Тебіреніп қалам алдым қарап қалмай.
Жүрегімді тербетіп жыр-періште
«Таңмен» бірге əлдилеп оятқандай.
Сонау биік «Шолпанның» сəулесі ме,
Мың құбылған уақыттың əуресі ме!
Өлім тілеп күйініп-күңіренген
Қорқыт тағдыр – Мағжанды салды есіме.
Күңіренген мұң мен шер – əн, күйі ме,
Шым батырып барады жанды иіне.
Мағжанды орап алғандай жөргегіне
Ұйытып бақи дүние əлдиіне.
Жарасып біреуінен бірі аспандай,
Жарасып «Шолпан» «Таңға» ұласқандай.
«Таң-Шолпан» боп көрінген нұрлы дүние
Көз алдымда биіктеп шың асқандай.
Көкірегі нұрланған шапағаттан,
Əке – үлгі ұрпаққа, ата – мақтан.
«Таң-Шолпанның» нұрындай атады ақ таң
Сол ақ таңның қауырсын қанатында
Мұхтар-Мағжан жарысып көз ұшында –
Жарысып қос пырақтай қатар аққан!





Пікір жазу