28.08.2022
  94


Автор: Есләм Зікібаев

АБАЙ ТҰРМАҚ

Тозайын деп тозбайсың-ау, тозбайсың,
оймен мүжіп қайдағыңды қозғайсың.
Жырасы көп, ұрасы көп жолыңның,
озайын-ақ дейсің, бірақ озбайсың.
Бір озбайсың, екі озбайсың, озбайсың...
айтарың көп, түгеседі сөз қайсын?
Оздырмастар оздырмасын ұққан соң –
бозінгендей боздайсың кеп, боздайсың,
енді қайтіп өңешіңді созбайсың!
Сырты сырлы, су жұқпастай ажарың,
тойың тарқап, ойыңның да азарын
білесің-ау, білген қиын дүниеде
тарта жүріп ақылдың сор, азабын.
Төңірек тыныш, құлағында азалы үн,
көрмеймісің хикіметтің ғажабын?
Сəні азайып, мəні кеткен тірліктей
азаяды онсыз дағы аз əнің.
Сұлуларға көп-көп ауған назарың
тым-ақ ерте тарқатқандай базарын.
Ой көбейіп, ұйқы азайып, амалсыз
өгізаяң маужырайды жазарың.
Жүрегінде – дүниенің дүбірі,
құлағында – сыпсыңы мен сыбыры...
Төңірегіңде – біреуінен бірі ірі –
ірілердің кімі – ұлы, кімі – ұры?
Айыра алмай сарысы ма, қызылы,
көңілдің де көбейеді қыжылы.
Қаптап кеткен тамам кедей, тамам бай...
кінəм жоқ-ау біріне де тағардай,
жүргендеймін ұстараның жүзінде
арасынан өтетін жол таба алмай,
қияметтің қыл көпірі,
Ой, Алла-ай!
Тозар бəрі, тек айла-амал тозбайды,
айта берсем, қайдағымды қозғайды,
өлең – қайғы, өнер – қайғы, сөз – қайғы...
мұздан, сыздан салқындаған жүрегім
отқа салсам, бұрынғыдай қозбайды.
Өлгеннен соң көтерілер еңселер
бір жақсысы – тірлігінде озбайды.
Өмір – шатақ, айналаңды абайла,
кім бар, кім жоқ, алды-артыңды тағы ойла.
Басқан ізің, қашқан ізің – бəрі айла,
сауысқандай айналаңа қарайла,
көрден шығып, жыр жарысқа қосылса,
жүлде ала алмай қайтар еді Абай да,
Абай тұрмақ, Құдайыңа ел қарай ма!





Пікір жазу