БАЛАЛЫҒЫМ-АЙ
Қанты көп дейді, – бұл не, бұл – тəтті өмірден бе,
бала боп едік дүние қат көрінгенде.
Алпыстан аса анау да, мынау да қантты –
бəрі əлде соның шалқыған «шат» көңілден бе?
Ит басына іркіт төгілген күндерде жұмақ
суық күнің де көрінер біздерге жылы-ақ.
Тəттіге тоймай тарығып өскен басыңмен
қантым артық деп барарсың кімдерге жылап.
Бала кезіңде аңсаған тəттіні, балды...
тата алмай енді «шаршаған» шақ күнің қалды.
Бəріне бүгін саулығы жетіп тұрса ғой –
көтеріп кетер адамның мəрттігі нарды.
Алдамшы ғұмыр, шектеулі қуаныш, қайғы...
өмірің дағы сылдыр су – құр ағыстай-ды.
Тəтті мен ащы алмасып қас қағым сəтте,
бірі жақындаса, жылыстап бірі алыстайды.
Қуаныш, қайғы... қас пен көз аралығындай,
ол да алдамшы, күдікпен қарадым ұдай,
шоқ басып алғандай ашиды табаным удай,
бірін де соның ескеріп-елемейтұғын –
шалдуар шағым – қинайтын шала күнім-ай,
алыс қалса да, қимайтын балалығым-ай,
алыс қалса да, қимайтын балалығым-ай,
балалығым-ай!..