28.08.2022
80
ҚАЙДА ҚОЯМ
Өртеңге ертең қайтып көк өспей ме,
Балауса балқұраққа теңеспей ме.
Кім тоқтау бола алады тіршілікке,
Тас та оған тосқауыл емес кейде.
Құбылыс, кім шығармақ барын естен,
Гүл көрдім тас кеудесін жарып өскен.
Өзі болып-толған соң тез ұмытар,
Сақта құдай бос кеуде жарым естен.
Адамды алдандырар елес кейде,
Жақсылық жамандықпен тең өспей ме.
Заматта тəубасынан жаңылдырып
Көзіне көрсоқырдың шел өспей ме.
Бір күнім ұмыттырып бір күнімді,
Үлде-бүлде жабады тыртығымды.
“Бас сынса – бөрік ішінде” дегенменен,
Қайда қоям жандағы жыртығымды.
Жоқ та ноян сырт көзге, бар да ноян,
Азаматқа ар қымбат, арман аян,
Көп ойлардың уы бар, жанға жаям,
Шіріп кеткен сыртымды бүркермін-ау,
Іріп кеткен ішімді қайда қоям?