28.08.2022
  108


Автор: Есләм Зікібаев

МЕНДЕ НЕ ЖОҚ

Менде не жоқ, бəрі бар,
Азаматтың ары бар,
Қазағымның қаны бар,
Əз атаның жаны бар,
Қиятындар жақсыны
Ақын! – дейді танымал,
Соның бəрін ұмытсам,
Намысымды жанып ал,
Таны, ағайын, танып ал.
От шашатын көз де бар,
Топқа ататын сөз де бар,
Айбарым бар, сұсым бар,
Дауаң жетсе, көздеп ал,
Бір кісілік бой да бар,
Ақыл да бар, ой да бар,
Құятындай көзге нəр.
Жаным сүйген жар да бар,
Қырмызы жүз, қынай бел.
Қияға сап өз-өзін
Қиындықта сынайды ер...
Ұлым да бар, қыздарым
Иман жүзді, ибалы
Қызығумен қарайды
Барлығына былайғы ел.
Құдай қосқан қосақпен
Бір тұрамыз, бір жатып
Бірімізге біріміз
Сыйластықпен тіл қатып.
Ерте демей, кеш демей
Ағайынды қарсы алып
Бəйек болып жүреді ол
Шамасынша жан салып.
Мына фəни жалғанда
Соның өзі бір байлық,
Жеткізердей арманға
Таптырмайтын бір бақыт.
Көңіліміз тоқ əйтеуір,
Кедейміз бе, баймыз ба
Патшамыз ба, ханбыз ба
Əлде жақыбай-жаймыз ба
Тиянақсыз тірліктей
Табанымыз тайғанақ
Қорқақтаймыз тайғанап
Кетеміз деп қай мұзда.
Арым мөлдір таза ма,
Əлде айғыз-айғыз ба?
Сұқтанбадық сұғынып
Қай сұлуға, қай қызға.
Енді санап басамыз
Қадамымыз өлшеулі
Тосып тұр деп сұм ажал,
Қай қылтада, қай құзда...





Пікір жазу