СЕНБЕЙТІН БОЛЫП БАРАМ
Ойламайын деймін-ақ, ойламайын,
Елге кетіп онан да қой бағайын.
Амалың не əу баста тағдырымыз
Матап-тіркеп қойған соң ойға дəйім.
Ойсыз, мұңсыз кеудемді қуыс қылып
Жаратпай, қойған оймен туыстырып.
Баз кешіп-ақ кетейін дегенменен,
Іздеп қайта табады тіміскі үміт.
Көз алдымда бүгінім, кешегім де...
Бəрі, бəрі миымның есебінде.
Қол ұшымды біреуге бере алдым ба,
Ауырымды аудардым кеше кімге.
Сері көңіл, кешегі тойлар да арман,
Өткеніңді аңсатып қойған жалған.
Ойламайын деймін-ақ, тіршілігім
Не болады ертең күн ойдан қалған.
Орда бұзып, жау шебін ойрандамай,
Бүгін ішіп-жегенге, тойғанға бай
Тоғышардан қорқамын, төңірегімді
Қамалаған құтылам ойдан қалай?
Есті ашығып, есерлер тойған заман,
Жүрегімді сыздатып қойған жаман.
Бəрі қараң, бүгінде бəрінен де
Үмітіңді ірітіп қойған жаман.
Ұрғашысы, ойымның еркегі де...
Ұқсап кете береді ертегіге.
Бір ойыма бір ойым қиыс келіп
Сенбейтін болып барам ертеңіме.