28.08.2022
  93


Автор: Есләм Зікібаев

Көктемнің ашылғанда гүл-құшағы...

Көктемнің ашылғанда гүл-құшағы,
Жер-Ана қуанышпен нұр құшады.
Жасқа да, кəріге де шабыт беріп
Шалқиды табиғаттың жырлы шағы.
Тіршілік тебірентпей қоя ма əлі –
Дала-ару ұйқысынан оянады.
Қырат-қыр қырмызыдай қайта түлеп
Құлпырып алуан түске боянады.
Сылдырап су ағады сай-саладан,
Сыңғырлап сыр шертеді майса далам.
Толқытып табиғаттың тəтті əуені
Күй болып көкірегіме ауысады əман.
Көл-көсір көктемнің сый-ырыздығы,
Жетеді жүрегіме сыбызғы үні.
Жанымды жадыратып жібергендей
Аңқыған хош иісті қымыз-гүлі.
Түлейді тау да, тас та, өзен, көл де...
Түскендей тіршіліктің көзі ертеңге.
Куə боп соның барлық базарына
Жүргеніңе не жетсін өз өлкеңде!





Пікір жазу