ҚОШТАСАР КЕЗДЕ ҚИМАЙСЫҢ
Бағлан сойып,
Сары ала қымыз сапырып,
Шалқытып əнді,
Ақ таңды көзбен атырып...
Думанға бөлеп дүбірлі мына дүниені
Жатқан да жоқпыз күнара қонақ шақырып.
Арманға ғой шіркін,
Арман ғой бəрі
Арман ғой...
Өреміз төмен,
Көрсетіп жүрміз жалған бой.
Жақсылық күтіп емексуменен ертеңге,
Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой.
Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой,
Тоса да тоса талайдан көңіл қалған ғой.
Өтірікке зорлап сендіріп жүрміз көңілді,
Болмаса шындық дегеннің бəрі жалған ғой.
Өмірде бəрі...
Бəрі болады не керек –
Жазда – қар,
Қыста жауады жаңбыр себелеп.
Отқа да күйіп,
Суға да түсіп кейде адам
Жүреді бейне секілді көзсіз көбелек.
Көктем шыққанда көзді арбап алар гүл өңір,
Жан нұрыңменен жарық қып үйге күле кір.
Қызығымен де,
Шыжығымен де, бəрібір,
Қоштасар кезде қимайсың –
Қымбат бұл өмір!
Қарайды қыздар жанарын нұрлы төңкеріп,
Жалыны шарпып барады жүрек өртеніп.
Жанымда – жарым,
Көрмейсіңдер ме, құдай-ау,
Қалғанын менде сайтан сезімнің ерте өліп.
Қыз емес,
Өрт қой, жалын ғой бəрі шетінен,
Самал боп бір-бір сүйер ме ем түгел шетінен.
Жасымды қайтем ақшулан,
Қасымда жүрген асылды қайтем?..
Өкінем!..
Айту да қиын,
Айтпау да қиын мұндайды,
Айтпайын десем,
Алқынып жүрек тынбайды.
Түсінген жанға екі оттың ортасындамын;
Артымда – жастық,
Алдымда – қарттық,
қинайды...
Екі қыраттан екеуі қолын бұлғайды.
Білетін болсаң,
Сен айтшы, кəне, қарағым,
Қайсына барам,
Қайсының көңілін табамын.
Қалдырып жұртта жасаулы қару-жарағын,
Тауыстым ба екен жастықтың айтып бар əнін.
Тауыстым ба екен,
Тауыстым ба екен бар əнін
Қауыштым ба екен көшімен басқа жағының,
Қайталап іштей уақыттың берген сауалын,
Таба алмай барам,
Таба алмай барам жауабын.
Сеземін іштей,
Жауабын əзір таба алмай,
Өткен күніңнің оралмас қайтып бəрі арман.
Жастығым дағы,
Қия алмай бір күн қол бұлғап,
Бұлбұлдай ұшып жоғалар бір күн жанардан.
Мерекеде жүрміз мерекедегідей бəріміз,
Шипалы судан кіргендей өң мен əріміз,
Тіршілік болса...
Сынаптай сусып бұл жерге,
Келеміз талай,
Келеміз талай əлі біз.
Ақсеуленіп самай да, шаш та ағарған,
Нұр қашып кеше от ойнап тұрған жанардан.
Келерміз шал боп,
Жүрерміз дал боп, уа, жалған,
Өмірдің заңы – оралмас күннің бəрі арман.
Оралмас күннің бəрі арман!