КӨҢІЛ КҮЙІ
Қуанышым болса егер –
Бойға сіңген əдетім бар жасымнан,
Соны анама жеткізгенше асығам.
Мерейі өсіп, көтеріліп қалсын бір
Көріп менің көңілімді тасыған.
Қуанышым болса егер –
Ісім асып жатса дағы басымнан,
Достарыма білдіруге асығам.
Дəл өзімдей қуанар деп ойлаймын,
Ал олардан не сырымды жасырам.
Қуанышым болса егер –
Жеткізгенше асығамын тағы да
Ұл-қызыма,
үйде отырған жарыма.
Шаттығында шалқытатын қашан да,
Ризамын бəрінің де барына.
Кімдерге бар,
Кімдерге жоқ керегім,
Ойлап қайтем оның салдар-себебін.
Қыс па, жаз ба,
Күн бе, түн бе?..
Бəрібір –
Туған ауыл!
Жылына бір келемін.
Шаруам қайсы –
Төменде кім,
Төрде кім?
Біреу – ұлық,
Біреу – кішік,
Бөлмедім.
Ауылымның жас-кəрісі, ұл-қызы –
Менің үшін бəрі бірдей – Өрнегім!
Кісінеген құлын даусын, қозы үнін...
Естігенше жетпей тағат-төзімім,
Ұшып келем қос өкпемді қолыма ап,
Өз ауылымның əр түтіні – өз үйім.
Балғын күннің бал дауысын балдырған
Келдім аңсап естілердей сан қырдан.
Бауырыма басайын деп бауырымдай
Сол заматта кім шықса да алдымнан.
Қарт ана ма,
Жас бала ма? –
Бəрібір
Еркелеймін,
Еркелетем,
Жаны – гүл.
Айналайын, алыс жүрген ағайын,
Қай-қайсың да өз бауырым деп, таны, біл!
Өздеріңсіз орта менің жыр кесем,
Ұйқтап жатып бəр-бəріңнен тілдесем.
Тіршілікте бақытты да, сорды да
Өздеріңмен бір бөлісіп, бір кешем.
Білінбейді көктегені, солғаны,
Қадірі жоқ шын асылдың қолдағы.
Ауылдағы ағайындар, сендер де
Дəл өзімдей сағынсаңдар болғаны.
Қайда жүрсем желеп-жебеп дем бердің,
Мен сендерді тəңіріме теңгердім.
Ақын болып ел қатарлы жүргенім –
Тілектерің, тілектерің сендердің!
Кімдерге бар,
Кімдерге жоқ керегім,
Ойлап қайтем оның салдар-себебін.
Қыс па, жаз ба,
Күн бе, түн бе?..
Бəрібір –
Туған ауыл!
Жылына бір келемін.
О, Туған жер!
Ұлыңды желе, жебе –
Жебемесең жараттың неменеге?!
Туған жері тұғыр боп көтермесе,
Басқа жұртта бақ қонып елене ме?
Десек те баршаға аян –
Неге, неге?..
Басқа жұртта бақ қонып елене ме:
«Өз еліңде ұлтан бол» деген сөздің,
Тереңіне бойладым келе-келе.
Бай жомарт бола алар ма бере-бере,
Ез ерге мақтағанмен теңеле ме?
Барлық басқа,
Бақыттың жөні бөлек,
Байдың бəрі бақытқа кенеле ме?!
Байдың бəрі бақытқа кенеле ме,
Көсемсінген біреуге ел ере ме?
Халқымның тілін, ділін, салт-дəстүрін
Ұқтыра алсам деп жүрмін немереме.
Ақынға жалған сөйлеу жараса ма,
«Жерұйық – сұлу жер көп сала-сала!»
Десек те кіндік қаның тамған жердің
Жөні бөлек –
Оған жан таласа ма?!
Қаншама аянышты, қаншама мұңды
Болса да, есіме алып бала-шағамды,
Тұрады сағынышым құшақ жайып,
Аударып тек өзіңе аңсарымды.
Кімдерге бар,
Кімдерге жоқ керегім,
Ойлап қайтем оның салдар-себебін.
Қыс па, жаз ба,
Күн бе, түн бе?..
Бəрібір –
Туған ауыл!
Жылына бір келемін.
Қайда жүрсем желеп-жебеп дем бердің,
Менмендерді тəңіріме теңгердім.
Ақын болып ел қатарлы жүргенім –
Тілектерің, тілектерің сендердің!