28.08.2022
  106


Автор: Есләм Зікібаев

Қара жардың басына –

Қара жардың басына –
Қара жаяу жететін ек бəріміз.
Содан, содан келгенінше əліміз
Мая салып, шөп шауып...
Тірлік қамын ойлаушы едік тырбанып,
Бір пенде жоқ тың қайтатын, тың барып...
Кəрі-жасы шар болаттай шыңдалып,
Майдандағы ерлерді жоқтатпаған бұл халық!
Таяу күнде барып қайттым ауылға,
Есіме алдым,
Еске алу – тым ауыр да.
Кəкіш, Гүлсім, Едіғойлар жүретін
Ақ қар, көк мұз.
Дауыл менен жауында...
Көз алдымда əлі де –
Онда жанған оттай еді бəрі де.
Шығатұғын білектерін сыбанып,
Дем бергендей бала-шаға, кəріге.
Бəлкім, солай көрінді ме мен үшін,
Білдірмеске кем ісін,
Əрқайсысы майдандағы ері үшін
Жан отымен жылытатын елі үшін!
Жібітті олар күні өткенді
У, қасірет дарыған.
Жылытты мұз-жүректерді
Қара қағаз қарыған.
Аялады жетімдерді,
Жесірлерді жебеді –
Жастай қалған жарынан.
Барып қайттым ауылға,
Ауыр еді еске алу – тым ауыр да...
Талайлары уақыт жетіп, күні кеп,
Бұл фəнимен қоштасыпты, Құдірет!
Еркектерсіз елді ұстаған мұңлықтар
Енді, міне, бірі бар да, бірі жоқ!..
Дөкей апа!
Балалардың қойған аты баяғы,
Зорға басып аяғын,
Жүр сүйретіп əзер-əзер таяғын!
Саулығымды сұрап жатты бəйек боп,
Ал мен іштей аядым.
Қажып жүріп білмейтұғын кеюді,
Жеңгелер де қартайыпты-ау кейінгі.
Тосып тұрған кесіп өтпей жолымды
Таныдым ибасы мол келінді.





Пікір жазу