28.08.2022
121
КЕТІПТІ ӨТІП БАЛА ШАҒЫМ
«Ақбозым» – ойнақтаған тал шыбығым,
Жастықтың қарсы алуға жаршы күнін
Қалды да жарамсыз боп, жар іздедім,
Тапсам деп қыз ернінің бал шырынын.
Жақсыны жақын тартып жанасамын,
Білінбей кетіпті өтіп бала шағым.
Аттандым астанаға арман қуып,
Күлімдеп тұрды алдымда болашағым.
Ақ басты Алатаудың бөктерінен,
Жамылып таң сəулесін өткенмін мен.
«Қош келдің!» дегендей-ақ астанадан,
Шырқалған əн естідім өктем үнмен.
Мінекей, астананың тұрғынымын,
Қызығы бір дастандық бір күнімнің.
Өмірді кеше бердім, өсе бердім
Күніне жүзді көріп, мыңды білдім.