28.08.2022
  121


Автор: Жанат Әскербекқызы

Шарап ішіп шалқыған кеш...

Шарап ішіп шалқыған кеш
Шығарды естен құдайды.
Буын босап балқыған кеш
Бүгін ғана шырайлы.
Құшағында тұншығады,
Көшелердің күлкісі,
Тыныштық та қырсығады
Сәл өзгеріп түр-түсі.
Күреңденіп күлгін өңі
Зәр тамады тілінен,
У сімірген сұм жүрегі
Сәл жаңылып үнінен.
Санасында өткен күннің
Сандырағы жалғасты,
Жайбарақат жеткен түннің
Жағасына жармасты.
Қаһарына мінген түлей
Сілкіледі тулақтай,
Арашаны күннен тілей,
Өліп кетті тіл қатпай.
Сор түрткен кеш марқұм болды,
Таба алмадым мүрдесін.
Сабылдырып салқын желді
Таң іздеу сап жүрмесін...





Пікір жазу