28.08.2022
127
Жалықтым суық күндерден...
Жалықтым суық күндерден
Жабырқау шағым көп менің.
Төсіне жұпар гүлді өрген
Тезірек жетші, көктемім!
Сендегі жылы шуаққа
Жаураған жүрек шомылсын.
Бозарып жатқан қыратқа
Деміңнен ұшқын төгілсін.
Мөп-мөлдір сенің көзіңнен
Күлкі боп бұлақ бұлқынсын.
Жанарың тектес сезімнен
Нәр алып түлер сылқым шың.
Өзен боп тулап жар жақта
Шаттықтың әнін салғайсың.
Елес боп ойнап аулақта
Пәс көңілімді аулайсың.
Өзіңе ессіз ғашық ем,
Жабырқау жанды түлет бір.
Аспанның жаңбыр-жасымен
Қара тасқа да гүл ектір!
Ұжмақтан шыққан үр-қызым,
Жібіткен тоңын ызғардың.
Даланың түрлеп мұң-жүзін
Көбесін сөккен мұз-қардың.
Қай жақта мәңгі мекенің,
Ілесіп бірге аттансам,
Өмірді арбап…от-ерін,
Өзіңдей күліп… жоқ болсам…