28.08.2022
  91


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көне ғұн тауын аңсадым, аға...

Дидахмет Әшімханұлына
Көне Ғұн тауын аңсадым бүгін,
Өтүкен сонда дейді ғой.
Біледі жұмбақ қанша сырды кім?!
Түйсікті түртер кейбір ой.
Көнеден жеткен көмескі белгі,
Көмбенің шаңын шығарды.
Есте жоқ ескі елесті көрді,
Естіді Алтай бір әнді.
Көнеге барар жолды таппадым,
Сұрланып Алтай тіл қатпас.
Жол табу емес көрді тапқаным,
Қабірде қалғып сыр жатпас.
Берелдің қойны – бүгінге де азық,


Қол жүгіртеді сұм заман.
Білмеймін деумен кіміңде жазық,
Басын шайқаумен тұр ғалам.
Тәңірқұтының тағы бар ма екен,
Тас болып тұр-ау Ғұн тауда.
Бүгінгі тентек сағынар ма екен,
Ынтығар ма екен бұл тауға...
Ғұн тауың асып күн шығады ғой,
Шұғыла төгіп бүгінге.
Тас болып ділім тұншығады ғой,
Шығатын күннің түбінде.
Ғұн тауы еді паналар жері,
Бөрілер бүгін құрыған.
Тау жүрегі де жарадар ма еді,
Бір үн естимін ұлыған.
... Көне Ғұн тауын аңсадым, аға...





Пікір жазу