28.08.2022
  125


Автор: Жанат Әскербекқызы

Жұбату

Сіңілім Ләззатқа


Пенденің сәттік ғұмырын
Бір Аллам білер, сіңілім.
Жылатты-ау сені бейуақ
Құлыныңды ұрлап ұры күн…
Жалған да жалған, жалған-ай!
Құлыныңды ұрлап алғаны-ай!
Өртеніп қалар өзек бар –
Ажалдың барын аңдамай.
Құбылып өмір өтеді,
Құпиясына кімдер жетеді.
Періштең ұшты ғайыпқа –
Пейіштен болар мекені.
Фәни мен бақи – екі өмір,
Екі әлем, егіз екі өңір.
Қамыға бермей қатайып,
Қалқам-ау, сабыр ете біл!
Кеудеңде жүрер бір арман,
Қуаныш сыйлар күн алдан.
Бірі кем дүние…барына
Амандық берсін Бір Аллам…





Пікір жазу