28.08.2022
  98


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сен оралмадың...

Нағашы атам Тұңғышбайұлы Әділбектің
рухына бағыштадым.
І
Өзің жайлы біле алмастан бір дерек,
Жұбанғанбыз рухың бізбен бірге деп.
Қан майданға аттаныпсың солдат боп,
Осы бір ой көңілімді жүр демеп.
Жарты ғасыр – бір ұрпақтың ғұмыры,
Жүректе әлі қасіреттің дірілі.
Қанша қыршын қан майданда шәйіт боп,
Қаншама ұрпақ жалғанбастан құрыды.
...Зұлмат келіп күнбатысқа үрейлі,
Тыныштықты сұмдық қайғы ірейді.
Қара жолмен ерлер кетіп сол жаққа,
Ана біткен амандығын тілейді.
Менің анам сәби онда, білгені:
Ата-ананың еркесі боп жүргені.
Еміс-еміс есінде екен, өзін ап,
Әкесінің ақ боз атқа мінгені.
Үш жастағы сәби онда не білсін,
Боп жатқанын өлім – оңай, өмір – сын,
Ел тілеген: аман қайтып боздақтар,
Сұмпайы жау ажал құшып, жеңілсін.
Сағынышын сеніміне жеңдіріп,
Сол сенімді қайратымен тең қылып,
Келер күнге күдіктене көз тіккен
Көкірегін әлдилеумен шерлі үміт.
Кебін киіп кеткен жоқ қой келер деп,
Қара жолға көп қараған елеңдеп.
Тек хабарсыз кетті деген қағаз бар,
Жар көңілі опат болды деген жоқ...
ІІ
Ата, сені мен түгіл, анам түстеп білмейді,
Бұлдыр-бұлдыр бір елес көз алдымда жүр дейді.


Ақбоз атқа мініпсің, ақ сағымға сіңіпсің,
Күн батқанда қызарып, арайы боп тұныпсың.
Күз келіпті Марқаға, сенен хабар болмапты,
Қуанта алмай көп жанды жетімсіреп жол қапты.
Қыс айналып келіпті, оралмапсың сен бірақ,
Арыстары опат боп қайғырыпты ел жылап.
Үміт шіркін үзілмей, таңды таңға жалғаған.
Қос қызың мен жан жарың күтуден бір талмаған.
Сұлу Марқа жеріне жаз келгенде көрікті,
Оралар деп өзіңді жақсылыққа сеніпті.
Сағыныпты қос қызың, оралмапсың, келмепсің,
Жылдар көші тізілді, әлі күнге сен жоқсың.
Қос қызғалдақ – қос қызың сағынумен өсіпті,
Оралар деп әкеміз күтумен күн кешіпті.
Күдік жеңіп, апамды ұлғайғанда қайғысы,
Қара жолдың бойымен оралыпты қайнысы.
Бір әулеттен біреуі тірі келді, шүкір деп,
Қуаныпты шынымен жарлы көңілін бүтіндеп.
Сонда дағы жүрегі үмітін бір үзбеген,
Шаң шұбырған сол жолдан өзіңді көп іздеген.
Шіркін қиял сені іздеп, жерді, көкті шарлаған,
Оралар деп бір күні күтуден еш талмаған.
Көкжиекке күн қонса, жанын шарпып бір алау,
Құс жолынан көктегі сені іздеген шығар-ау.
Естімедің, жан ата, шырқыраған шерлі үнін,
Әже мұңын сезініп, егілемін мен бүгін.
Көшкен бұлттан сұрадым, ескен желден сұрадым,
Бір хабарың шығар деп, түрік жүрді құлағым.
Таңнан, түнен сұрадым - үнсіз қалды барлығы,
Қарт шыңдардан сұрадым - жауап бермей қалғыды.


Қара жолдан сұрадым – тіл қатпады шаңытып,
Кете барды созылып дегендей-ақ «тағы күт».
Жұбанарым әйтеуір - жеңіске үлес қосқаның,
Білемісің жолыңды қаншама жан тосқанын.
Ұрпағыңмын мен сенің, естимісің үнімді,
Өміріңнің жалғасы, тынысыңмын бүгінгі.
Әлі үнге бір хабар бермей қойды атырап,
Тоқсан аса апамды бүркеп алды топырақ.
О дүние бар болса қауышқан да шығарсың,
Ұрпағыңның жайымен танысқан да шығарсың.
...Хабарың жоқ. Мәңгі аспан, мәңгі дала жоқтасын,
Осы жырым - өзіңе қойған менің көк тасым.



1995 жыл





Пікір жазу