28.08.2022
  199


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сезім боп сеңсең бұлттан жауған едік...

1993 жылдың қысында Тарбағатайға
Алтайдан елік ауып келді...



Сезім боп сеңсең бұлттан жауған едік,
Сұраймыз енді кімнен сауға келіп.
Жетіп пе ең мына жақтан жұмақ іздеп,
Алтайдан асығыстау ауған елік?!
Ол жақтың, дейді биыл қысы қатты,
Өзіңді қандай күйге ұшыратты?!
Саялап қу жаныңды келгеніңде
Соңыңа сұрқия ажал түсіп апты.
Бар ма еді адамдардың сенде де өші,
Сұлулық озбырлыққа жем бе деші.
Қасқырдай қызыл көрген көзі жанып,
Жұтынар майланардай енді өңеші.
Сұмдықтың торуылдар сан айласы,
Өзіңді жыртқыш біткен санайды асы.
Астында тұяғыңның қақпан жатыр,
Жәудіркөз бейкүнәм-ау, абайлашы!
Әлдилер сардаланың тымық кеші,
Көлеңкең – көкте жүзген бұлт көші.
Тау-таста ойнақтаған қорғансызым,
Сұрмерген назарына ілікпеші!
Қамалып мына ауылға қалды денем,
Мұңайып, күн мұнартып, тау жүдеген.
Жаныңа телінумен жаным кетті,
Көзіңе жас боп тұнып жәудіреген.
Жүрермін тағдырыңды өлеңге өріп,
Қашпасын менен – сезім, сенен көрік.
Бетке алған еркіндікті елік-арман,
Санамда қала бердің бедерленіп...



Тарбағатай.





Пікір жазу