28.08.2022
  111


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тұман көзін аштырмай қар-даланың...

Тұман көзін аштырмай қар-даланың
Тұнжыратты тауларды, бар ма амалым.
Талқысы көп тағдырдан бас айналып,
Бір сүйесін бар ма деп қарманамын.
Селт етпеді сұр аспан саз беттеніп,
Сазбеттенер уақыты аз деп пе едік.
Көңіліме қош айтқан жайсаң күндер,
Қанжығаға келетін жаз бөктеріп.
Керең тау да сырымды тыңдамады,
Тұман киіп, тұншығып шың қарады.
Тас жүрегін даланың тербетем деп,
Жалаң аяқ қалжырап мұң барады.
Кебін киген қырқалар бүк түседі,
Бұлақ көзін мезгілдің тұтты шелі.
Қасарысып қара су қата қалды,
Керек қылған жоқпын деп тіпті сені.
Жылтсыз дүние жанымды жауратады,
Жылжи бердім жыбырлап алға тағы.
Дала төсін сағынып, басым қойсам,
Сұп-суық боп сұп-сұр боп қар жатады.
Тітіркеніп еріксіз түрегелдім,


Несін, несін жалғанды мінегенмін?!
Жанарымды тамшы жас бұлдыратып,
Боз тұманға бозарып сіңе бердім...



1992 жыл





Пікір жазу