Қысқы ауыл
Ұйқысын толық аша алмай, маужырап бәрі,
Қалғандай бітпес тірліктен қалжырап тағы.
Қымтанып алған там үйлер. Үйілген шөпке
Он шақты қара-құраның аузы қаптады.
Шыңылтыр ауа түтінді сіңіріп алып,
Сұлауда белдер көзінің шырымын алып.
Тапал тамдарың қажыған көнбіс пендедей,
Ойланып кеткен аузында шылымы қалып.
Мыстан аяз да көгеріп, тыртысып апты,
Кәріне қыстың болбырау жұрт ұшырапты.
Қазымыр қарттың шамына тиейін дей ме,
Тай мінген топтың шығады күлкісі қатты.
Мандымсыз қарға бүрісіп оранар дала,
Қызыққа кірді алма бет балалар жаңа.
Тірлік қылғанға өзінше риза сынды,
Құдыққа қарай жол тартқан шаналар ғана.
Сақылдай төкті ызғарын құлшынып кәрің,
Місе тұтпастан ауылдың құлшылық халін.
Аспанға қарай жол тартқан түтіннен байқа -
Қыстың қойнында ып-ыстық тіршілік барын.