28.08.2022
  105


Автор: Жанат Әскербекқызы

Мың биігі асқақтық бір-бір дара...

Мың биігі асқақтық бір-бір дара,
Туған жері қазақтың бұлдыр дала.
Бұлдыр дала төсінен шер айықпас,
Бұлт боп торлар көгін де құрғыр нала.
Жүрек – нала, тағы да жанда нала,
Шұбатылып ізінен шаң қала ма?!
Мың қазағым сарғайып сағыныштан
Жасыл өлке айналды сардалаға.
Ары көшіп, сенделіп, бері көшіп,
Ебіл-себіл ес кетіп, еңіресіп.
Қала берген аңырап сар даласы,
Бұйырған ба, жат жерден тегі, несіп.
Барар жері – Балқан тау, барған жері,
Жат жердегі бақты да жалған деді.
Туған жерден топырақ бұйырса деп,
Алыстағы арысым арманда еді.
Бұлдыр дала шерленіп қол бұлғады,
Көк сағымда жоғалып жолдың бәрі.
Маңдайында алаштың – шер таңбасы,
Таңдайына татыды сордың дәмі.
Ел деп, жер деп, ән шалқып, күй өрілер,
Мен – елденмін, мекенін сүйе білер.
Бұ дүниеде тастамас, о дүниеде,
Туған жері қазақтың – Киелі жер.





Пікір жазу