28.08.2022
217
Қып-қызыл болып, алаулай жанып...
Қып-қызыл болып, алаулай жанып,
Кететін еді Шығыс жақ.
Майданмен түнді алардай жарық
Келе жататын ту ұстап.
Ауылды оятып өріске қарай
Бара жатады мал өріп.
Құлдилап белден еңіске қарай
Жететін еді ән еріп.
Өзен де сонда бұлқынар еді,
Жағасын жалбыз көмкерген.
Жел келіп гүлді жұлқылар еді,
Ойын іздеген ертеңмен.
Ақмаңдай таңға күрсіне қарап,
Молалар мүлгіп тұратын.
Тұсына келсе, түршіге қарап
Малшылар өте шығатын.
… Түсіме кірді ауылдың таңы,
Молалар кірді мүлгіген.
О дүниеліктерді сағындым тағы,
Бір жүрген күнді құрбымен.
Қып-қызыл нұрға малына күліп,
Қол бұлғап тұрды құрбы қыз,
Ұмыттық па екен… сағына тұрып,
Онымен жүрген күнді біз…
“…Көңіліме менің жүр еріп кірбің
Сүйе алар жерін кім мендей”
Осыны айтып, түнеріп құрбым,
Жолыма қарап жүргендей.
1984 жыл