28.08.2022
172
Шыңдағы шынар
Жер менен көкке тіреудей,
Жерден су, көктен нұр ембей.
Найза шың тұр шаншылып,
Қабағы қайтсін түнермей.
Ұшар басында бір шынар,
Тәкаппар қарап тұр сыңар,
Тілдесіп қана қайтуға
Төзімі жетіп кім шығар?!
Жазықты жайлы, еп көріп,
Жан-тәнімен жек көріп,
Шыңдағы жалғыз шынарға
Теректер қарар кектеніп.
“Кеудесін керген сылқым” деп,
Қайыңдар тұрар күңкілдеп,
Шыбықтың аузы ашылар
“Жетем бе соған бір күн” деп.
Тұрмайды неге жерге кеп,
Керек пе оған, төр бөлек?
Шыршалар кетті жетуге
Найзадай шыңға өрмелеп.
Шынар тұр бойын тік ұстап,
Жапырағымен тыныстап.
Күңкілін жұрттың не қылсын,
Кімімен қалай ұғыспақ…
Жалғыздық жанын жаралап,
Жаралап, және даралап,
Шынар тұр, шыңның төсінен
Жапырақ жасы домалап.
1984 жыл