28.08.2022
  209


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ауылдан аттанғанда

Кеудемнен шырқыратып жанымды үзіп,
Ақ сағымда барады ауыл жүзіп.
Жүрегімді шеңгелдеп қысып алып,
Тамырымда ойнайды қаным қызып.
Аппақ болып алдымнан таң келеді,
Таңмен бірге тіршілік сәнденеді.
Өлеусіреп аспанда ай қалыпты,
Ұмыт қалдырғандай-ақ әлденені.
Көмкеріліп сұлбасы сағымменен,
Алыстап бара жатыр ауыл менен.
Қайта-қайта бұрылып қарай бердім,
Қарай бердім, тербетіп жанымды өлең.
Туған жер бауырынан жаң шықтым,
Серік қып сағынышты ала шықтым.
Ауылымның суреті шыққа тұнған,
Ішінде тұрып қалды қарашықтың.
Артта сағым, тағы да алда сағым,
Жарысып келе жатыр далбаса мұң.
Алдымнан соққан желдің шоқтығына
“Аулыма ала кет” деп жармасамын.



1984 жыл


 





Пікір жазу