28.08.2022
121
Есетіндей сағыныш ел жақтан кіл...
Марат Марқұмға
Есетіндей сағыныш ел жақтан кіл,
Жиі енеді түсіме сен жатқан қыр.
Сені әкеткен ғайыпқа менен бөліп,
Атың өшкір сонау бір кер баққан жыл.
Өскіні едік таулы жер, аршалы елдің,
Аңсар көңіл ауаға қанса дермін.
Қарашыққа тұндырып сағынышты
Қабіріңе қамығып қанша келдім.
Қанша келдім басыңа дұға қылып,
(Қабағымды баға ма қырағы жұрт).
Қаңғалақтай көрісіп жел жетеді,
Ауа да алмай, жауа алмай тынады бұлт…
Тынады бұлт, жусанға жаны ашыған,
Қайғы табы сезіліп қарасынан.
Самал болып сабылып сағыныш жүр,
Сая тауып аспан-жер арасынан.
Сағымға айтып, жеңілдер, шағымын бар,
Сарқылмайды - санада тағы мұң бар.
…Самал ессе – мен ғой деп жолын күтер
Жусан жапқан жұп-жуас қабірің бар…