Жалғызтал
Әкем Жалғызтал деген бес-алты үйлі шағын ауылда
дүниеге келіпті. Бүгінде ауыл біршама үлкен. Талы да жалғыз
емес...
Жалғызтал,
Жапанға бітіп, жабықтың ба екен,
Жалғыздық көріп, қамықтың ба екен,
Жапырақтарың жамырай жылап,
Жалғыз жолаушыны налыттың ба екен...
Жалғызтал!
Жалғыздық деген зарлы жыр еді,
Әкем де менің жалғыз ұл еді.
Күдігін шайған сенімді үміттің
Шырайы қанық алқызыл еді...
Жалғызтал!
Жалғыздық қазір атыңда ғана,
Жалғызбын деуге дәтің бара ма?!
Көк терек пенен ақ қайыңдардан
Атың да оқшау... затың да дара.
Жалғызтал!
Жабығар болсам есіме аламын,
Бел асып барад көші наланың.
Сезіндім бе екен сенің атауың
Жаныма жыр боп көшіп аларын...
Жапанда жалғыз тал өседі екен,
Тал бойын тербеп ән еседі екен.
Жалғыз қалғанын қаламай Тәңір,
Жанына ағаш тағы өседі екен.
Жалғыз тал көрсең, қимай жүр дейді,
Жақынды жаттай сыйлай жүр дейді.
Жалғыздық зарын тартпаған жандар
Жалғанға мынау сыймай жүр дейді.
Жалғызтал, болдың бабама мекен,
Сусаған жүрек нәр ала ма екен?!.
Кінәмшіл көңіл түңілсе бір күн
Жалғыз тал өскен далама кетем…
9 Құйған - өзен аты.