Тарбағатай. Қола шырағдан.
“Қола шырағдан” ежелгі Тарбағатай атырабын
мекендеген көшпенді тайпалардың б.д.д.
1 мыңжылдықтағы мәдени мұрасы болып
есептеледі...”
“Егемен Қазақстан” газетінен.
Тарбағатай – күміс су, алтын бел-ді,
Сусып дәуір, ғұрпы мен салтын көмді.
Қола дәуір сарқыты - бұл шырағдан
Сол күндерден қалған бір жарқын белгі.
Аңсары мен арманын шырақ қылып,
Шырағданда шырақ боп бүр атты үміт.
Қола ыдысты ұрпаққа тастады кім,
Мұра қылып, сыр қылып, сұрақ қылып.
Мінсіз ғажап құйды екен шебер қандай,
Төрткүл әлем көрінген өнер қандай?!
Өрнегіне көз сүзем, амалсыздан
Тылсым, терең сырына өрем бармай.
Қола күннен мұқалмай жеткен белгі,
Жастанып ап көп азап шеккен жерді,
Шырағдан бұл – тәу етіп түп тегіне,
Шырағымен жалғаған көк пен жерді.
Қазармыз-ау қазына көмбесін көп,
Даңғаза сөз жерге емес, желге сіңбек.
Шырағданды бабамыз қалдырған-ау
Өзі жаққан алау-от сөнбесін деп.
Көне күндер шертетін шежіре көп,
Тыңдар болсақ, түсініп, сөзін елеп.
Қола күннің мұрасы тұр-ау күтіп,
Қымбат сәтті, шалқитын көзінен от...
Астана.2004. Қараша.