27.08.2022
80
Телегейде нән балық...
Телегейде нән балық
Келе жатыр таңды алып.
Үрке қашқан жұлдызға
Таң қарайды таң қалып.
Түн сырғыды тереңге,
Тоқтамаса өлем бе...
Қызыл шапақ киген күн
Толықсиды төбемде.
Күллі тірлік дүрлігіп,
Жөнеледі күнді іліп.
Телегейдің түбінде
Қала берер түн бұғып.
Келген ізбен бұл балық
Кері қайтар күнді алып.
Қамығады көңілім
Қарашықта түн налып.
Ай шағады көкке мұң.
...Көз алдымда тек менің –
Таңға ілесіп келгенің,
Күнге ілесіп кеткенің.
Телегейде – мың қайғы,
Қайғысын кім тыңдайды.
Тымық түнде теңселер
Сырлас қылып мұңлы айды...