27.08.2022
99
Тас балбал һәм тағдыр
Тас балбалдың тағдырын-ай,
Тас боп қатқан тән жылымай.
Тұла бойы құрсауланған −
Тас құрсауды салды Құдай.
Кебенекті күн өлерін
Кебін киген түн өлерін
Көре-көре жаны суып,
Тасқа айналған жүрегі оның.
Желік қысып жел келеді,
Тілдесе алмай сенделеді.
Айтар сөзін бұл айта алмай,
Тас-кеудесі шерленеді.
Дәуір болып дүбір өтті,
Ақыры бар ғұмыр өтті...
«Лә иллаһа ил Алла» деп,
Балбал мүсін күбір етті.