27.08.2022
96
Марқакөл
Мөлдір суына
Күн шомылады күндіз кеп,
Сен аманбысың,
Біз аман-есен жүрміз деп.
Тоңазып бойы
Ай шомылады түнде кеп.
Саған болмаса
Мұңымды шағам кімге деп.
Төнеді Алтай
Қанып ішердей мөлдірін,
Өзің баспасаң
Басады дейді шөлді кім.
Кер атпен шауып,
Көлді айналады бозбала...
Ол күннен белгі –
Аңыз боп жеткен сөз ғана.
Ару қыз қайда?
Аққу боп ұшып кеткен бе?!
Оралар ма екен
Осынау көлге көктемде...
Марқакөл,
Марқа...
Маңырап қалды-ау бір арман.
Жүйрікке мінген
Жеткізбейді ғой бұ жалған...
Мөлдір көл жатыр –
Мөлдіреп жатыр Тазалық,
Күн мен Ай тұрар
Күн сайын келіп тазарып...