Ертіс пен үлбі хикаясы
Жел билейді мың бұрала,
Бұлтқа кірген күнді қара...
Күллі әлемнің аясында
Үндемейді Үлбі ғана.
Үнсіз, тілсіз Үлбі ағады –
Сырына тек түн қанады.
Аспандағы ай арман қылып,
Ғашық көзбен мың қарады.
Үлбім үнсіз бұйығады,
Ертіс үні – ұйығаны.
Ерке өзеннің екпінінен
Ғаламат бір күй ұғады.
Ертіс-жігіт, ерке жігіт,
Өне-бойын өртеп үміт.
Аласұрып... ән салады,
Әуенінен шер төгіліп.
Сол үміттің үнін алып,
Барады Үлбі тынып ағып.
Күн қарайды ерке Ертіске
Бұлт қойнына кіріп алып.
Ел айтты екен нені біліп –
Ескі сөздің жөнін ұғып
Сыр қозғасаң, бұл екеуі –
Үр қызы мен сері жігіт.
Бір-біріне арман болып,
Түннен безіп, таңнан жеріп,
Жасағанның әміріне
Қос өзен боп, қалған көніп.
Асау сезім еліктірген
Ертіс жайлы нені ұқтым мен...
Үлбі-қызды еркелетер
Құшағына келіп кірген…
Бастау алып хақ-әлемнен,
Қос өзен боп қатар өрген
Екі ғашық толқиды кеп,
Алтай-баба бата берген...