27.08.2022
70
Біздің көңіл Сізге ауған...
Біздің көңіл Сізге ауған
Сіздің көңіл күзге ауған.
Не күтеді бізді алдан,
Не күтеді Сізді алдан?!
Үн жетеді шалғайдан,
Самал соған арнайды ән.
Сартап етіп сағыныш
Күндерім-ай сарғайған.
Сары күзге Сіз ғашық,
Сізге қылған бізді асық.
Сынаптайын сырғумен
Күз де кетер түзді асып.
Сап-сары өңді күз-ғалам,
Тұла бойы мұздаған...
Мұздай көңіл түңілтіп,
Өл деймісіз Сіз маған?!
Көз жазып қап күлкімнен,
Көзге тамшы іркілген.
Күте-күте жолыңды
Күзге айналам бір күн мен.
Сізді әлемнен қызғанған
Қабағынан сыз жауған
Бізді көрер амалсыз
Сіздің көңіл... күзге ауған...