27.08.2022
  104


Автор: Жанат Әскербекқызы

Өлеңге арзу

Ғайыптан Аллам берген несібем ең,
Сенен қап тірлік кешем несіне мен?
Қай жаққа бағыт түзеп, бет алғансың,
Барасың асығыстау көшіп өлең.
Аялда, өкпелетсем, кешір, өлең,
Ала кет, не болса да көшіңе ерем.
Түңіліп ақынынан бұ заманның,
Аспанға кетпексің бе, есіл өлең?!
Тұлғаңның іші қандай, сырты қандай!
Тұрғанда сол қалпыңды құртып алмай.
Көшсең көш, хас өлеңнің қадіріне
Жете алмай ақындықтың жұрты қалғай.
Аспанды тұрақ еткен Абай-өлең,
Талпынып тұғырыңа талай өлем...
Барады саған қарай тағы бір көш
Апыр-ай, ермекшімін... қалай ерем...





Пікір жазу