Өзіңе жазар хатым бар еді...
Өзіңе жазар хатты бастай алмай...
Тыныштықбек Әбдікәкім
Өзіңе жазар хатым бар еді,
Хат жазар және хақым бар еді.
Айтарын айтпай қаламға жүктеп,
Қағазға сөйлер ақындар елі.
Іңір-сияға малынып қалам,
Қарайды қағаз аңырып маған.
Қиялмен саған тіл қатамын деп,
Жазар сөзімнен жаңылып қалам.
Бар арзуымды төкпелеп болып,
Ақшаммен тұрмын бетпе-бет келіп.
Білмеймін... тағы білгім келмейді,
Бір-бірімізге өкпелеп пе едік?!
Қара түнді ішіп тауысар мұңым –
Аппақ сәулеге ауысар бүгін.
Алқызыл көйлек шырайын ашып,
Қол бұлғар деймін қауышар күнім.
Арамыздағы жол қандай ұзақ!
Ара қашықтық – ол қандай ұзақ!
Бетіңді бері бұрасың ба енді,
Енді жақындар... болғандай ұзап.
Күдік парағын санамда бүктеп,
Қабағын ашар ғалам да «күт» деп.
...Жүректегі үннің жазбасы ғой бұл –
Қағазға төккен, қаламға жүктеп.