ІЗДЕРІНЕ ГҮЛ БІТЕР
Шалқар дала – шетсіз, шексіз көлбеген,
Көз алдымда жатыр сұлық көлденең.
Бозаң тартқан бетегенің бедері
Аруана секілді бір шөлдеген –
Құр жаны бар өлмеген.
Қырық күн шілде – ми қайнатқан күн ыстық,
Бас сауғалар жері де жоқ тыныс қып.
Шешек атқан қызғалдақтың жапырағы жайқалып –
Таң нұрыңмен мөлдіресе күміс шық,
Солмас еді-ау гүл өстіп.
Осынау жерден əрі-бері жылда өтем,
Менде, сірə, болған емес жасыратын сыр бөтен
Осынау жерден өзен ақса ақ Ертістей айдынды,
Ғажайыптан орнар еді-ау гүл мекен –
Болашағы қандай əсем нұрлы екен!
Осылайша ұшқыр қиял күндерге өтіп алдағы,
Кең өлкемнің болашағы барланды.
Жер жұмағы – миуалы бақ іздеп
Асан ата дүниені шарлады,
Қай қиырға бармады?
Сол жерлермен жүріп келем, жүріп келем мен бүгін
Көзбен көріп ұлан-қайыр даламыздың кеңдігін.
Жыр жолына түсіре алмай қиналамын кей сəтте,
Ертіс суын кері ағызар қаһармандар ерлігін –
Құрылысшының құдіретін мақтан етер келді күн.
Ен далада канал бітіп күні ертең,
Гүлзар баққа бөленеді нұр өлкем.
Шешек атар жазиралы қойнауы,
Осынау жердің болашағы жырмен тең,
Ғажап менің нұрлы өлкем!
Достар, кəне, осы өлкеге келіңдер,
Құрылысшының құдіретті күш-қайратын көріңдер.
Нəр боп сіңіп, Жер-анаға сəн берсін,
Елмен бірге терлеріңді төгіңдер,
Сендердің де іздеріңнен əсем гүлдер тебіндер!