27.08.2022
94
Аш бөрідей қамалаған ой мынау
Аш бөрідей қамалаған ой мынау
еңсемді бір көтертпейді, тойдым-ау.
Жырым жыр ма, бұлыңғыр ма күндерім,
Гүлдерімді айыра алмай қойдым-ау.
Аспан ашық, жарық сынды айналам,
Осы мені ұғатұғын қайда адам?
Төңіректің түтіні ме, тымырсық,
Сыртым мазаң, ішім қазан қайнаған.
Қалған жүрек бəрінен де шайлығып,
Алма-кезек арпалысқан қайғы, үміт...
Бүгініңді өткізесің бүрісіп,
Еңсе түсіп, ертеңіңді қайғырып.
Білем бəрін, бұрынғыдан қарқын кем,
Күдіктеніп көлеңкелі əр түннен,
ойлайтыным: құлап түссең бақыт қой
Өзіңді өзің алып жүрер қалпыңмен.
Күдік кетсе, үміт күтіп əр күннен,
Тырбанасың тартпаса деп нарқым кем.
Мың күн жұмақ тірлігіңе бір күндік
жетпейтінін білесің де, қайтадан
жүре тұрсам дейсің осы қалпыммен,
жақсы тұрмақ, жаманын да өлімге
қимайтұғын халқыңмен.