27.08.2022
  85


Автор: Есләм Зікібаев

ТƏУБАҒА КЕЛУ

Қызығыңды айтып,
Қылығыңды айтып күлдіріп,
Қойсаң да кейде бірдеңелерімді бүлдіріп,
Мəз болып соған,
Түк болмағандай жыр қылып
Отырсам деуші ем,
Елесің қалды есімде,
Қойғандай Тəңірім атаңды мең-зең, жынды ғып.
Алпыс алты жас – бесінім бе,
Əлде кешім бе...
Ойлаймын кейде өмір сүремін не үшін деп.
Қылқиып шығып, қиылып түскен құрақтай,
Бота көздерің, ай маңдайың қалар есімде.
Алып берердей аспаннан жұлдыз, айды да...
Көңілім бар еді,
Тəңірім соған қойды ма?
Ағайын-елдің егілгеніне де жылаймын
Жеңілдетем деп ортақтасатын қайғыма.
Жаныма жақын,
Жарасатындай сол қылық,
Ертемен тұрып,
Екі үйдің арасын жол қылып...
Асыққан жандай жүгіруші едім өзіңе,
Ауырғанымды ұмытып,
Еркімді соған көндіріп.
Кім көлкелей алар аспандағы алыс Ай, Күнді,
Көңілімді Тəңірім тағынан бір сəт тайдырды.
Жанашыр жандар ағылып жатыр естіген
Жеңілтеміз деп, сейілтеміз деп қайғымды.
Ағалар сөзі көңілімді Күнге аударды,
Жер-бесігіндей тербетіп тұрар тау мəңгі.
Ел қамын жердей Едіге болсын деп едім –
Тірілеріңді періште болып қорғай жүр,
Жаратушы Аллам ұмыттырмасын тəубамды.





Пікір жазу