27.08.2022
  94


Автор: Есләм Зікібаев

Фəни жалғаннан жақсы да, жаман да кетпек

Фəни жалғаннан жақсы да, жаман да кетпек,
Тіршілік – мəңгі үйренер адамға мектеп.
Сен жоқсың, бауырым, мені іздеп жан досың келді,
Сағынып жүрер көрмесем, ағам бар ед деп.
Сен жоқсың, бауырым, сен үшін жан досың келді,
Ағаңа демеу сонысы, əл болсын да енді.
Тірі жүргенде досыңның барлығы демеу,
Кім керек қылар ертең күн өлгесін мені.
Ішім ғаламат – қаңтардың қары бораған,
Кей-кейде көктем, көк майса жанымды ораған.
Пенде көңілім алмасып, арбасып тұрса да,
Іздейтіндерін сарылып сағынады адам.
Сүрінбес жерде сүрініп, сүрінер жерде...
Сүрінбей кетсең, ол да ерлік, білінер демде.
Досың көп еді, бауырым, қадірін солардың
Бағаламаппын сен өзің тірі жүргенде.
Қысқа ғұмырда əркім-ақ алаңдап өтпек,
Өкпе-назы бар қуырған заманға да ептеп.
Қуанып қалдым аңқылдап өзің келгендей,
Досың келгенде осында ағам бар ед деп.





Пікір жазу