27.08.2022
104
МҰҢ
Сағым да – мүң, бұлт та – мұң, мұнар да – мұң...
тауыса алар мұң толы кім арманын.
Өлеңменен өрнектеп өмір кешем
халім бітіп, сөнгенше шырағданым.
Мұнар да – мұң, бұлт та – мұң, сағым да – мұң...
сүйгенімді сарылып сағынғанмын.
Кейде жаным мұңнан да медет тауып,
сары күздей сарылып дамылдадым.
Оймен кезіп шаңытқан шағылдарын,
шағынбадым, шақпақтай шағылмадым.
Қолтығымнан сүйеді демесін боп,
қуат беріп шаршаған шағымда мұң.
Білмейді ел ойда санын, қырда шаңын...
ойнаған жыр да – сағым, мұң да – сағым.
Өлеңмен оңашада ой бөлісіп,
өзімдей мұңдылармен мұңдасамын.