27.08.2022
  184


Автор: Есләм Зікібаев

ӨЗ БИІГІМ

Тау қопарып жүрмін бе жүдегенде,
Əзіл емес, шыным сол, күле көрме.
Жалғанның бар суретін сыйғызсам деп,
Əуре болған кезім көп бір өлеңде.
Асырып барымды да, жоғымды да,
Жасырып аштығым мен тоғымды да,
Басқадан жəрдем күтіп жасымадым,
Биікке жетпей жатса қолым мына.
Қиынннан қиыстырып сөз қиюын,
Көп салдым қияндарға көз қиығын.
Басқаның күндемедім шарықтауын,
Шарықтау – өзім үшін өз биігім.
Іздеумен ой түбінен сөз қиынын,
Өлеңмен өрнек өріп, тозды миым.
Өзгенің өрдегісі керек емес,
Төрімде – өзіме тəн өз биігім.
Қайыстай қандырам деп сөздің иін,
Ойлаумен озды күнім, тозды миым.
Шыңдарға шыға алмасам – өз күйігім,
Өзіме жетіп жатыр өз биігім!





Пікір жазу