ҚАЛАМ
Қалам маған күйшінің домбырасындай –
Мағжан, Сəбеңнің қалдырған мол мұрасындай.
Шабытымды шалқытып, көңіл құсымды
Алатау құзарындағы қондырар шыңдай.
Арқаның əсем таласа таңымен тұрып,
Қаламымды ылғи қолға аламын жаным желпініп.
Елік-армандай ойлардың алдынан орап,
Отырсам деймін шабыттың бабын келтіріп.
Қалам маған шебердің айбалтасындай
Ойларым толқып, арнаға қалғанда сыймай,
Қазынам сынды қоржынымда бірге алып жүрер
Бағзы банкирдің ортаймас жанқалтасындай.
Қаламым менің, жансерік қаламым менің –
Бала күндерім қам-мұңсыз, нала күндерім.
Албырт сезімім, өртеніп жана білгенім,
Жанымда мəңгі жаңғырар жалын жастығым,
Бере білгенім жұртыма, ала білгенім.
Қаламым менің – айрылмас серігім менің,
Қиянға қанат қақтырған сері күндерім,
Айға атылардай арыстан асыл арманым,
Шындыққа тіке қарайтын сенімім едің.