27.08.2022
  119


Автор: Есләм Зікібаев

ҰЙҚЫМДЫ ҚИШЫ...

Тым-тырыс түнде жатқаннан соң ба кіл ояу,
Зымыран ойлар көңілге зəрін құяды-ау.
Жылы үйде мамық көрпеге оранған күйімде
Денем де суық,
Көңілім де сынық, Құдай-ау.
Сырдың суындай сирағыма да келмеген,
Балалығымды өткізіп ем ғой елде мен.
Арқада – қаңтар, ақпанның аязында да
Дəл қазіргідей жаурайсың десе, сенбеп ем.
Əр таңнан бардай үлесім алып қалатын,
Асығып ылғи, таусылып төзім-тағатым,
Іштегі ыстық, сырттағы суық арбасып,
Қаным да қайнап, жаным да жайнап жанатын,
Күндер-ай, күндер...
Содан да рахат табатын!
Ал енді бүгін қым-қуыт бəрі алмасып,
Іштегі ызғар сырттағы отпен арбасып,
Кімді кім алып, кімді кім жеңер екен деп,
Қараймын сырттай, көңіл де күпті, самарқау...
Жатқандарға да жағаға қол сап жармасып,
Қайранмын қалай жүргеніме аман жер басып.
Сарсылтып жылдай əр сағат, əр күн, əр апта...
Қаңтарда күйіп-жанатұғындай жан отқа.
Суықты «жасқап», қиналсақ, тастап алатын –
Жылындырмайды жаураған жаңды арақ та.
Шашыраған ойдың қоса алмай басын, қор болам,
Санда бармыз ғой,
Бармыз ба, жоқ па санатта?
Білерім əзір – бұрынғысындай күш те жоқ,
Қолым да көңілім икемделмейді іске көп.
Екінді де ауып кетіпті,
жүрсем түс пе деп,
Өзімді өзім жігерлендіргенмен тістелеп,
Бықсыған қалпы,
Жанбайды лаулап іштегі от.
Тым-тырыс дала.
Кірпік айқаспай түнде ояу
Жатқаным мынау,
Соғады жүрек тым баяу.
Көңілім күңгірт,
Өмірім мимырт, жүр жаяу.
Күлкімді алдың,
Серпіліп, сергек тұрайын,
Ең болмағанда ұйқымды қисаңшы, Құдай-ау!





Пікір жазу