27.08.2022
84
ЖЫР-ТАҒДЫРЫМ
Қуансам жыр жазамын,
Мұңайсам жыр жазамын,
Жыласам жыр жазамын,
Уансам жыр жазамын.
Тəңірім, қойғандай-ақ тіршіліктің
Бір маған арқалатып күллі азабын.
Ғаламат, өшеміз бе,
Ғажап-ақ, көктейміз бе, өсеміз бе?
Суырылып сыртқа шақсақ, алдымыздан
Жыр күтіп тұратындай көшемізде.
Өмірді десем Көктем,
Көп жерде есем кеткен.
Аға, іні бауырларым...
Əкем де, шешем де өткен.
Жайқалып бағымда жыр –
Шайқалып тағым да бұл...
Сол ғана тастап кетпей,
Жыр ғана жанымда жүр.
Шығандап көкке жеттім,
Қияннан көктеп өттім.
Кей-кейде қызық қуып,
Оны да өкпелеттім.
Бір таңды бір таң бүгін
Айналып шырқайды мың.
Қалдырып кетер бір күн
Мені де жыр-тағдырым.