27.08.2022
118
ЖАЗА
Жыр жазам –
Жылап жазам,
Күліп жазам.
Ай жарық,
Түндігімді түріп жазам.
Өзім емес,
Жылатып өзгені де,
Жұбатып,
Қуантарын біліп жазам.
Бірде бар,
Жоқ көңілдің бірде хошы,
Аққан су –
Өтіп жатқан күндер осы.
Басына екіталай іс түскенде,
Жан алып, жан берердей əр адамның
Жанынан табылмайды күнде досы.
Жыр жазам –
Күліп жазам,
Жылап жазам.
Жалынып-жалбарынып,
Сұрап жазам.
О, Тəңірім, тірлікте бар секілді
Ең ауыр мен қорқатын бір-ақ жазам.
Ол жаза – айтылмаған арман əні,
Шабытсыз тіршіліктің бар ма мəні.
Ол жаза – бар атақтың бəрін алып,
Елінің махаббатын алмағаны –
Халқының көкірегінде қалмағаны!