27.08.2022
89
Қу көңіл бəз баяғы жиырмада
Қу көңіл бəз баяғы жиырмада,
Шертердей махаббаттың күйін дара.
Түскенмен жанға қылау, шашқа қырау,
Кетердей араласып құйынға да.
Тірліктің биік мансап, бақытын да
Асылын – алтын, ақық, жаһұтын да...
Қумадым мұрат көріп уақытында,
Өзіңсің менің байлық, бақытым да.
Өмір ғой, жетелейді арман алыс,
Таңданбасқа таңырқап, таңданамыз.
Болмашыға балаша мəз боламыз,
Болмашыға балаша алданамыз.
Мен саған ессіз-түссіз ғашық болып,
Тұрғанда кемеріме тасып-толып,
Соғуын жұдырықтай жүрегімнің
Білсең ғой бір мезетке ашып көріп.