27.08.2022
  124


Автор: Есләм Зікібаев

ƏКІМ БОЛҒЫМ КЕЛЕ МЕ...

Мен – ақынмын,
Тани ма ел, танымай ма,
Көтере ме пенденің бəрін Айға.
Көптің бірі секілді күн кешемін,
Тапқаныма жарып та, жарымай да.
Мен ақынмын –
Сүйрелеп өзімді өрге
Шығарардай қауқар жоқ əзір менде.
Түн ұйқымды төрт бөліп, көз жасыммен
Өткізе алмай қорланам сөзімді елге.
Жеткізе алсам жетісіп сөзімді елге –
Көтеріліп қалардай сезім, кеуде.
Жас баладай жадырап, жайнап тұрам,
Жыр-сəбиімді аялап көз ілгенде.
Көсем емен, айтардай көшелі емен,
«Келеді осы кім болғың?» – десе менен,
«Əкім болам, – дер едім, айналайын, –
Абыройын арттырып еселеген».
Көшелі емен, суырылған шешен емен
Көрінгенді əкелеп-шешелеген.
Əулие ақын болсаң да Абай сынды,
Қазір кімнің тағдырын шешеді өлең?!
Көбік емес, құсса да май құсатын,
Аспан емес, ұшса да Айға ұшатын
Əкім болғым келеді,
мықтағанда –
Мекке ғана ұшады байғұс ақын.
Дей көрмеңдер «ауысқан, жынды» мені,
Қалғып кетсем, түсіме жыр кіреді.
Тəтті ұйқымнан тұрғызып жылатады,
Жұбатады, қайтадан күлдіреді,
Жындансам, жындандым ба, кім біледі?!.
Бар секілді өмірде бір-ақ жазам –
Тəңірімнен жақсылық сұрап жазам.
Бастан кешкен азабым, азарым көп,
Ет жүрегім езіліп жылап жазам.
Көп көрсем де тірлікте сүйреткіні,
Жүрек тірі, əзірге бүйрек тірі.
Дей көрмеңдер, ағайын, алжасқаны,
Дей көрмеңдер Еслəмнің күйректігі.
Айтары елге белгілі бесенеден –
Неше кітап жазса да, нешеме өлең...
Əулие ақын көтеріп абыройын,
Ауданның əкіміндей бола алмайды
Абыройын асқақтатып еселеген.
«Ақынсың ғой,
қой, бауырым, не дегенің,
Əкім болып бар бізге не керегің», –
Дерсің кейіп, бəрін де түсінемін,
Айтшы, ақын болғанда, не беремін?
Ішім берік, алынбас қамалдаймын,
Күңіренгенмен жете ме саған қайғым.
Елім бар деп езіліп алаңдаймын,
Өз отыма өзім күйіп-жанардаймын.
Өкініш, бере алмаймын, ала алмаймын,
Ел ардағы алпысқа толып жатса,
Ат мінгізіп, шапан да жаба алмаймын...
Ақындық та азды-көп атақ берді,
Атақпенен ілесіп шатақ та ерді.
Ойдағымның қырдағым алдын орап,
Тілімді де тұсаулап матап көрді.
Ұлы емес ем шөп шықпас тақыр жердің,
О, Тəңірім, келсе егер ақын бергің...
Қатар берсең болмай ма екеуін де,
Көтерердей көгіне атымды елдің.
Еріккеннен көп ақын əкім боп жүр,
Менің-дағы келеді əкім болғым.
Бірге жүріп бəрін де жақын көрдім,
Ақынды – ақын, батырды – батыр дер кім?
Бүгінгінің қарасам биігінен,
Көк тиындық құны жоқ татымды ердің,
Батыр, ақын... қосылып екеуі де
Ширегіне келмей жүр əкімдердің.
Жатқан кім бар бұл күнде ұятты ұғып,
Көрсетердей сорлыға сый – əккілік.
Тонап алған тоқтыдай байлығымды
Қалың елге шашар ем əрлі-берлі,
Атамнан қалған дəулет сияқты ғып.
Кім бар, кім жоқ жатқандай ұятты ұғып,
Берсем, бəрі жетпей ме шын аптығып.
«Атымтай кім əкімнің қатарында?» –
Демей ме қуанғаннан жылап тұрып,
Жалпақ ел естімей ме құлақ түріп?!
Өрт өмір баяулатып отарбасын,
Екінді ауып, ақшамға бет алғасын,
Асулардан алқынып өте алмасым,
Белгілі əкімдікке жете алмасым.
Дүрілдетіп өлеңнің отарбасын,
Келер талай, дүниеден кетер Қасым.
Əкім сынды атаққа, абыройға
Өзіме аян қуғанмен жете алмасым,
Ақындықпен өмірден өтер басым.
Мен де өгей ұлы емес тақыр жердің,
Ақыр көрдім бəрін де, ақыр көндім.
Ақын болып туған соң, пақыр болмай,
Сырдың суы келместей сирағымнан,
Келген еді бір мезет əкім болғым.
Күмбірлеген күй тұнып көкейімде,
Абыройдың дүрін де, дөкейін де...
Өлгеннен соң бəрібір алам ғой деп,
Нағыз аты ақынның – Адам ғой деп,
Өлең отына өртеніп өтейін де!





Пікір жазу